Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры Жеңіс күніне орай «Ана-Жер ана» трагедиясын ұсынады

8 Мамыр 2022

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай 2022 жылдың мамыр айының 8 күні көрермен назарына көрнекті жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша сахналанған «АНА-ЖЕР АНА» трагедиясын ұсынады.

Спектакль режиссері – Дина Жұмабаева, суретшісі – Юлия Чернова, хормейстері – Ғалымжан Берекешов, балетмейстері – Гүлжан Дәулетқұлова. 

Ел басына түскен ауыртпалықты бір отбасының тағдырымен суреттеген заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер ана» трагедиясының кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының саxнасында көрерменге жол тартып, үн қатқан тұғын. Ана – мәңгілік символы! Төрт бірдей азаматын Жер ананың қойнауына тапсырған Толғанай бейнесі қойылым барысында көрерменді төзімділікке, сабырлық пен қайсарлыққа шақырады. 

Қойылым тұтас халықтың қиян-кескі соғыс уақытында шеккен зардабын, жетімдік пен жесірліктің ауыртпалығын сезіндіреді. Спектакль – жүректілік пен батылдықты қатар ұстап елін қорғауға кеткен азаматтарды зарыға аңсау, тыл еңбегінің жай-күйін еш боямасыз көрерменнің көз алдында өрбітіп, бір отбасының өмірін тұтастай көрсетеді. Режиссерлік түйін, символизм, актерлік шеберлік, музыка бір үндестікте үйлескен туынды көрерменді бей-жай қалдырмайтыны хақ.  

 

Адамзаттың Айтматовына айналған Шыңғыс Төреқұлұлының трагедиясы еліміздің бірнеше драмалық театрларында сахналанып, әйгілі Әзірбайжан Мәмбетовтың режиссерлік қолтаңбасындағы нұсқасы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны баршамызға мәлім. Бүгінде арада қанша жыл өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған классикалық шығармаға дарынды режиссер Дина Жұмабаева екінші тыныс сыйлап, жаңаша форматта режиссерлік, актерлік шешімін таба отырып, жазушының суреткерлік қырын өнер сүйер жанға өзгеше тұрғыдан сипаттамақ. Сан ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаны бүгінгі ұрпақтың жанына жеткізу, көз алдына келтіру – үлкен өнер. Өз ұлтының мәдениетін, әдебиетін, тарихын жан-тәнімен ұққан ұрпақ қана өзге халықтын салт-дәстүрін, тілін, әдет-ғұрпын ерекше ілтипатпен қабылдайтыны заңды құбылыс. 

Аталмыш спектакль 2018 жылдың 12-17 қараша күндері аралығында Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай өткен «Айтматов және Театр» атты Халықаралық театр фестиваліне қатысып, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» марапатына ие болған. 

Сондай-ақ, қойылым 2019 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурыз аралығында Ресей Федерациясы, Челябинск қаласында өткен «CHELoBEK ТЕАТРА» кіші формада сахналанатын спектакльдердің VII Халықаралық театр фестиваліне қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болған. 

Театр ұжымы қадірлі өнер сүйер жанды, театр өнеріне деген сүйіспеншілігі зор, талғамы жоғары көрерменді жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әдемі күйге бөлеу үшін аталмыш қойылымды бірге тамашалауға шақырады! 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

Madeniet Porlaty сайты

Сілтеме: http://www.madeniportal.kz/article/7079