Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры фестивальға барады

27 Тамыз 2021

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры өзінің негізгі миссиясы – балдырған көрермендерді қызықты қойылымдар арқылы тәрбиелеуді ешқашан ұмытқан емес. Карантин уақытында театр сахнасы жабық болғанымен өнер ұжымы шығармашылық ізденістерін тоқтатпады. Актерлер онлайн форматта шеберлік сағаттары мен танымдық айдарлар ұсынып, тікелей эфирлер ұйымдастырды. Оған қоса Қуыршақ театры халықаралық дәрежеде онлайн және офлайн форматта өткен фестивальдарға қатысып, жүлделі болғаны есімізде.

Енді алдағы уақытта театр ұжы­мы кезекті өнер додасында бақ сы­на­мақ­шы. Қазан айының 16-24 күндері ара­л­ы­ғында Түркия елінің астанасында VII Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрларының фестивалі өтеді. Осы фестивальға театр ұжымы «Макбет. Ил­люзия» атты ересек көрерменге ар­нал­­ған спектакльмен қатысады. Ағыл­шын драматургі У.Шекспирдің пьесасы бойынша сахналанған бұл туынды ақпан айында көрермен назарына алғаш рет ұсы­нылған еді. Режиссері Дина Жұмабаева.

Сондай-ақ Қуыршақ театры Көк­шетау қаласында қазан айының 4-8 аралығында өтетін «ТеART-Көкше» халықаралық театр фес­ти­валіне өз репертуарындағы «Каштанка» атты спектакльмен қа­ты­суды жоспарлап отыр. Атал­ған қойылым – орыстың әйгілі жазушысы А.Чеховтың әңгімесі бойынша сахналанған балдыр­ған­дар мен жасөспірім балаларға ар­нал­ған экспрессивті спектакль. Ре­жис­сер Кубанычбек Адыловтың аталған қо­йылымды сахналау барысында диалог­тар­ды мүмкіндігінше аз қолданып, көбіне мимика, іс-қимыл, дыбыс үшеуін пай­даланған. Осынысымен қо­йылым кішкентай көрерменді бірден еліктіріп әкетеді. Айта кетейік, аталған спектакль театр фестивалі аясында актерлерге қуыршақ жүргізудегі қабі­лет­терін көрсетуге толықтай мүм­кін­дік береді.

Бұдан бөлек театр ұжымы Әшір­бек Сығай атындағы «Сын – шын болсын...» республикалық театрлар фестивалінде де өнер көрсет­пек. Мәдени іс-шара ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығына орай ұйым­дас­тырылып отыр. Қуыршақ теа­тры оған «Ромео мен Джульетта» спек­так­лімен қатысады. Бұл қойылым да Шекспир пьесасы бойынша режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанған.

Өнер ұжымы халықаралық һәм республикалық байқаулардан табыс­ты оралады деп сенеміз.

 

Маржан ӘБІШ

"Egemen Qaqazstan" газеті

Сілтеме: https://egemen.kz/article/286691-quyrshaq-teatry-festivalgha-barady