Ағымдағы жылдың 15-16 қыркүйек күндері Алматы мемлекеттік қуыршақ театры сахнасында американдық жазушы Эрнест Хемингуэйдің үздік туындыларының бірегейі «Шал мен теңіз» шығармасы тұңғыш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатпақ. Әлем әдебиетінде үздік шығармалар қатарында өзіндік жаңаша бағыты мен астарлы тақырыптарды қамтыған аталмыш туындының ең басты ерекшелігі – қуыршақ образдарының жиынтығында.
Қуыршақ театры күздің алғашқы айында ересектер мен жасөспірімдерге телегей теңіздің таңғажайып сұлулығымен қатар, сұрапыл дауылы мен сұсты мінезін, өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеген Кубалық балықшы Сантьяго шал және марлин балығы арасындағы алыс арманға ұмтылыс пен жанкешті күресті баяндайтын «Шал мен теңіз» қойылымын ұсынады.
Қойылымның режиссері қазіргі таңда өзгеше қолтаңбасымен, терең астарлы да шынайы образдарымен, күрделі де көркем шешімдерімен көптің көзайымына айналып, театр майталмандары мен сыншыларының жоғары бағасына ие болып жүрген жас та талантты режиссер, қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі – Дина Жұмабаева. Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында аталмыш режисссердің сахналауымен ересектерге арналған Ш.Айтматовтың «Ана-Жер Ана», У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», «Макбет» туындылары халықаралық, республикалық театр фестивальлдерінде жүлделі орындарға ие болып, қуыршақ театрының жаңа қырын ашқан үздік қойылымдар қатарында.
Премьера аясында 87 жылдық тамырлы тарихы кенен өнер ордасының тынысы, бүгіні мен өткені, шығармашылығы мен есімі алтын әріптермен жазылатын шеберлері турасында сыр шертетін «Қуыршақ театры» атты кітаптың тұсауы кесілмек.
Сонымен қатар, премьераға келген көрермен театр фойесінде ұйымдастырылатын бағдарламамен бірге, «Шал мен теңіз» қойылымының эскиздерінен құралған көрмеге куә бола алады.
Адамның арманға деген адалдығы, тартысқа толы арпалысы мен күресін, үзілмес үміт пен күдікке байланған тағдырын бір қойылымға сыйдырған «Шал мен теңіз» қойылымының премьерасынан қапы қалмаңыздар, қадірлі көрермен!
Мадина ТӨЛЕ
Мәдениет порталы
Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/7215