Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақтар қуаныш сыйлайды

2 Тамыз 2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың болашағына аса мән беріп, осы жылды балаларға арнады. «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жария­лау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген еді Президент. Осы орайда әсіресе мәдениет саласында балаларға қандай игіліктер жасалып жатыр? Театрлардың бәрі демалысқа кетіп жатқан дәл қазіргі уақытта жұмысын тоқтатпаған қуыршақ театрлары балаларға не ұсынуда? Әлқисса.

Тылсымын ішіне бүккен қуыршақ өнері ерте замандардағы жәрмеңкелерден бастау алып, бүгінде балаларға рухани-мәдени өмірдің алғашқы баспалдағы болып отыр. Сахнада тірі адам секілді ойнап-күлетін һәм түрлі түсті образдарымен көңілді аулап, жақын досыңдай сыр шертетін қуыршақтар бала-көрерменнің санасына тез сіңіп, рухани иммунитетін қалыптастырады. Құндылықтар ауысқан қазіргі қоғам бала тәрбиесіне ықпал ете­тін сахналық мәдени іс-шараларға мұқ­таж екені тағы анық.

Бүгінде елімізде руха­ният­тың темір­қа­зығы саналатын бар­лығы 65 театр бар: оның 54-і мемлекеттік, 11-і же­ке­мен­шікте. Ал жас көрермендерге арнал­ған 6 театр болса, қуыршақ театр­ларының саны – 7. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Пет­ропавл, Қостанай, Ақтау, Шым­кент қала­ларында орналас­қан (ай­та кетейік, Жезқазған қаласындағы Қуыр­шақ театры қазір облыстық драма театрының құрамында). Ал Қы­зылорда дра­ма театрында бөлімше ғана жұмыс іс­тейді.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тінше, былтыр осы 65 театрда 2 565 (жалпы алғанда 10 817 рет) спектакль қойылыпты. Оның 319-ы жаңа туынды. Сол қойылымдарды тамашалауға 1 миллион 173 мың көрермен барса, оның 464 мыңы – балалар. Бұл көрсеткіштер он сегіз миллионнан аса халқы бар Қазақстан үшін аз ба, көп пе – бағамдай беріңіз. Дегенмен 2020 жылға қарағанда тәуір. Мәселен, өткен 2020 жылы 1 834 шығарма сахналанып еді (оның 266-сы жаңа туынды). Ал театрға жалпы 894 мың адам барса, оның 321 мыңы балалар болды.

Сонау 1935 жылы қазақ топы­ра­ғында тұңғыш Қуыршақ театры құрылған еді. Алматы қа­ла­­сындағы Мемлекеттік Қуыр­шақ театры ғасырға жуық уақыт бойы осы дара өнер жолында еңбек етіп, қуыршақшылардың бірнеше буынын дайындап шығарды. Айта кетейік, биыл атал­ған өнер ордасына 87 жыл толып отыр. Бүгінде театр репер­туа­рында балдырғандар мен ере­сектерге арналған 40-қа жуық қойылым бар (барлығы екі тілде жүреді). Мәселен, ере­сек­терге арналған Шекспир, Ш.Айтматов сынды іргелі автор­лар­дың шығармаларынан бастап, балдырғандарға арналған ертегі-аңыздар – өнер ұжымының шығар­ма­шылық ізденістерінің нәтижесі.

Театр репертуарына келсек, былтыр кішкентай көрермендерге арналған – көңілді әуен ырға­ғында музыканың алғы­шарт­тарын үйрететін танымдық бағыт­тағы «Қасқыр мен жеті лақ» (реж. А.Зайцев), ересектерге арналған – ғасыр­лар бойы шексіз һәм тұңғиық адам жаны­ның сан қатпарлы сырларына сахна өмірі арқылы сапар шегіп, әр дәуірде тарих қойнауында өзгеше есімдерімен сақталған дара тұлғалар бейнесін өзек еткен У.Шекспирдің «Макбет. Иллю­зия» шығармасын сахналады. Бұл шы­ғар­маның жұлдызы жанып, театр қоржынына бірнеше олжа салды. Атап айтсақ, биылғы Ақтөбе қаласында өткен V халықаралық BALAUSA экспериментальды спектакльдер фестивалінде «Үз­дік спектакль», «Үздік сценография» номинацияларын ен­ші­лесе, мамыр айында Конья қаласында (Түркия) өткен XIV халықаралық «Мың тыныс – бір дауыс» Түркітілдес елдердің театр фестивалінде лауреат атанды.

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында халық ертегісі «Ер Төстік» қойы­лымын ұсынған еді.

Ал қазір театр ұжымы Балалар жылына орай халық ертегісі «Ұр, тоқпақ!» (инсценировка авторы Қ.Бегманов), орыс ертегісі «Гуси-лебеди», В.Гауф­ман­ның «Гном мұрын», ұлттық рух пен патриоттық тақырыптарды қам­ти­тын олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Бекзат чемпион» және ересектерге арналған Э.Хемин­гуэй­дің «Шал мен теңіз» шы­ғар­­масын сахналау­ды жоспарлауда. Айта кетейік, «Шал мен теңіз» қуыршақ ті­лінде алғаш рет сөйлемек.

Мұнда әр маусымда жаңа 4-5 қойы­лым­ның премьерасы ұсынылады. Қазір театр репертуарында Еркін Жуас­бек­тің «О, Тоба», Әлібек Файзулла­ұлы­ның «Алтын адам», Жақып Ома­ров­тың «Құлыншақ пен бөлтірік» шы­ғар­ма­лары жүріп жатыр. Ал осыдан 38 жыл бұрын сахналанған «Қуыршақ думан» спектакль-концерті (режиссері әрі авторлары – Сұлтанғали Шүкіров, Құралай Ешмұратова) әлі де көрермен сұранысында.

Өнер ұжымы таяқ қуыр­шақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марио­нет­калар, соңғы үлгідегі тех­никалық-лазерлі көр­кем­­деу­лермен жабдықталған. Айта ке­тейік, театрда 500-ге жуық қуыр­шақ бар. Тіпті жасалғанына 50-60 жыл толған ардагер қуыр­шақтар да кездеседі екен.

Өнер ордасының шығарма­шы­лығында жаңалықтар да жоқ емес. Алдағы уақытта 6 халықаралық, 1 республикалық театр фестивальдерінің ірік­теу кезеңінен өтіп, арнайы шақыр­ту алып отыр. Атап айтсақ, ха­лықаралық «Ассалау­ма­ға­лейкум VІ» қуыршақ театрлар фестивалі, XVIII халықаралық «Алтын дельфин» қуыр­­шақ театр­ларының фестивалі, ІІ халық­аралық Abish alemi театр фес­­тивалі, VIII халықаралық «Ан­кара» қуыршақ театрлар фестивалі, Шолпан Жан­дар­бе­кованың 100 жылдық мерейтойына арналған XXVIII Республикалық драма театрларының фестивалі, Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «TеатрALL» II халықаралық театр фестивалі және IV халық­аралық «ТеART-Кокше» театр фестивалінде бақ сынамақ.

Театр баспасөзі өкілінің айтуынша, қазіргі таңда алдағы премьералардың дайындық жұ­мыс­тары қарқынды жүріп жатыр. «Ұр, тоқпақ!» және «Шал мен теңіз» қойылымдарының қуыр­шақтары жасалып, сах­наға лайықталуда. Ал «Гном мұ­рын» спектаклінің режиссері суретшімен сахналық нұс­қа­сының эскиз­дерін дайындау үстінде. Көркем­дік кеңеске тапсырғаннан кейін қуыр­шақ­та­рын жасау жұмысына кіріседі дейді.

«Кадр мәселесі әзірге жет­кілікті. «Жас­тар практикасы» бағдарламасы бойынша театрға 4 әртіс қызметке алын­ған, олар орта буын, жоғары буын қыз­меткерлерінің шеберліктері мен қуыршақ жүргізудің алғы­шарт­тарын меңгере отырып, тәжірибе жинақтауда», дейді театрдың баспасөз хатшысы Гүлім Көпбайқызы.

Ал Нұр-Сұлтан қа­ла­­лық Қуыршақ теат­р­ы­ ре­пер­туарында 30-дан аса қо­­йы­­лым бар. Атап айтсақ, А.Са­лаеваның «Менің салған су­ретім», Р.Киплингтің «Ана құдіреті», С.Жүнісовтің «Ата­мекен», Андерсеннің «Қайта оралған су перісі», Р.Мұқа­нованың «Мәңгілік бала бейне» шығармалары бүгінде елор­да­лық жеткіншектердің сүйікті спек­такльдеріне айналған. Сон­дай-ақ театр репертуары жас таланттардың шығармашылығын да тыс қалдырмай келеді. Мә­се­лен, Қуат Ежембектің Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Жарық сәуле» әдеби композициясы, «Наурызбектің хикаясы», «Жалқаудың айласы» сынды ертегі-қойылымдары бар. Одан бөлек биылғы Балалар жылына арнайы дайындалған жас режиссер Мейірім Арғымбаеваның «Мультфильмдер еліне саяхат» мюзиклінің премьерасы таяуда ғана өтті.

Аталған театр өкілінің айтуынша, өнер ұжымындағы негізгі мәселе –қуыршақ жасайтын мамандардың, яғни суретшілердің тапшылығы. Иә, қоғамда жалпы респуб­лика­дағы қуыршақ театрларында кәсіби мамандар жетіспейтіні жиі айтылады. Мәселен, бүгінде Қ.Ешмұратова, С.Мақұл­беков, Н.Насырова сынды көрнекті қуыршақшылардың ізін басып, жаңа буын Ж.Түсіпбеков, А.Зайцев, Д.Жұмабаева, т.б. режиссерлер өздерінің жаңашыл ізденістерімен көзге түсіп жүр. Алайда елімізде мемлекеттік және мемлекеттік емес труппаларды қосқанда 20-ға жуық қуыршақ ұжымы барын ескерсек, онда арнайы маман режиссерлердің аздығы байқалады. Сонымен қатар қуыршақ театрының ең өзекті мәселесі – қуыршақ жасайтын шеберлердің жоқтығы. Бұл кәсіпке оқытатын оқу орны да жоқ. Сол себепті қуыршақтардың сапасы, жасалу техникасының жұтаңдығы шығармашылық ұжымдардың дамуына кері әсерін тигізіп келеді. Бұл енді бөлек әңгіме

 

Маржан Әбіш

"Егемен Қазақстан" газеті

Сілтеме: https://egemen.kz/article/319513-quyrshaqtar-quanysh-syylaydy