«Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді» деген Шерхан Мұртазаның сөзін өзіне үлгі, өнеге ретінде көрген Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының талантты, жас буын артисі Нұрәділ Алияр Нұрланбекұлымен сұхбаттасып, қуыршақ өнерінің сыр-қырлары туралы мағлұмат алуға тырыстық.
Алияр Нұрланбекұлының әр бейнесін сахнада театрсүйер қауым қалт жібермей көруге асығады. Қазіргі таңда репертуарлардан түспей, өзіндік актерлік қырлары мен шеберлігін көрсетіп келеді. Айталық, аталмыш театрда артистің келесі бейнелері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр: «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» - шаман, арыстан, «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» - құс, «Күлше қыз» - ханзада, «Үйшік» - қасқыр, әтеш, «Ер Төстік» - Саққұлақ, Таусоғар, «Тоба» - немере, «Өмір-өзен» - көпшілік сахнада және т.б қойылымдарда бой көрсетеді. Еңбекқор, талантты артисімізбен бүгінгі ұрпақ тәрбиесін қолға алған қуыршақ театры туралы сыр шертейік.
- Қайырлы күн, Алияр мырза! Баланы иландыра алса, қуыршақ театры артисінің мақсатының орындалғаны. Кішкентай балалармен жұмыс істеудегі басты қағидаңыз, әдіс-тәсіліңіз қандай?
- Театрдағы мақсатым – балаларға мейірімділік сыйлау. Ал кей кісілер баланы ойлануға уақыт бермеу керек деп айтып жатады. Сол үшін біз барынша мейірімділікпен, ақыл-парасаттылыққа салып, көбіне тәлім-тәрбие беру жағынан жұмыс істейміз. Қуыршақ қойылымдарын жиі сахналау арқылы әр баланың бақытты болуына, қорқынышқа жол бермей өмір сүрудің жақсы екенін түсінуіне атсалысуға тырысамыз.
- Әр спектакльге дайындық, ондағы өз қуыршағыңа жан бітіріп, оның қимылын, бет-бейнесін келтіру оңай орындала салатын іс емес. Оған тынымсыз еңбек қажет екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Осындай жауапкершілікті талап ететін қуыршақ театры сізге несімен ұнады? Неге бұл саланы таңдадыңыз?
- Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал. Алматы қаласына арман қуып келіп, өнер жолын таңдаймын деген мақсатпен аяқ астынан қуыршақ артисі мамандығына түстім. Басында кішкене жатсынып, бұл қандай өнер, сахнада қалай ойнайды деп түсінбей абдырағаным рас. Бірақ осы өнерде жүре келе махаббатым ашылып, қуыршақтарды жақсы көре бастадым және бұл мамандық драма театрына қарағанда қызығы мен шыжығы мол өнер екенін сол кезде ұғындым. Сол үшін осы қуыршақ театрын таңдадым.
- Қуыршақ театрында жасандылыққа ұрынуға, сахнада жалғандыққа бой алдыруға жол жоқ. Сондай көңіл-күйіңіз болмаған сәтте қалай тығырықтан шығасыз?
- Өмір болғаннан кейін көңіл-күй болмай қалу деген сәт әр адамның басында болатын жағдай. Бірақ көрермендер залда лық толып отырған кезде, нағыз өнерді көру үшін өзінің кішкене де болсын тиынын билетке бөлген кезде, ол адамның алдында жалған ойнауға біздің құқығымыз жоқ, жалпы кәсіби артист адам олай істей алмайды. Ондай көңіл-күйді өзімізден аулақ ұстаймыз. Білдірмеуге тырысамыз. Бір жағынан жүздері бал-бұл жайнап, шапалақ құрып қойылым көруге келген балапандарды көрген сәтте өзімді ұмытып, сол қойылымның қызығына түсіп кетемін.
- Қазақстаннан бөлек, қай мемлекетте қуыршақ театры жақсы дамыған деп айта аласыз?
- Мен интернет желісінде түрлі ақпараттарды ақтарып отырамын. Көбіне маған Диснейдің, әсіресе қуыршақ спектакльдері қатты ұнайды. Қуыршақтары тіпті мультфильмнен де жоғары деңгейде деп айта аламын. Қуыршақ жасаушы шеберлері де мықты, жүргізушілері де, артистері де керемет. Көріп отырып шынайы мультфильм көргендей кейіпте, сезімде боласыз. Сонымен қатар, Американың, Қытайдың суда ойнататын қуыршақтары ұнайды, сол елдерде жақсы дамыған. Бұйырса, бізде де жақсы қарқынмен келе жатыр, Құдай қаласа жоғарғы деңгейде дамиды деген үміттемін.
- Енді театрдың репертуары туралы айтсаңыз, неше қойылым бар, гастрольдік сапарларға шығасыздар ма?
- Біздің театрымызда отыздан астан қойылымдарымыз бар. Түрлі шетелдерде өтетін театр фестивальдеріне шығамыз. Балаларға арналған және ересектерге арналған спектакльдеріміз бар. Мысалы, театр ұжымы жақында ғана ересектерге арналған У.Шекспирдің «Макбет. Иллюзия» қойылымымен Түркия Республикасының Конья қаласында өткен театр фестиваліне барып келді. Оның алдында «Ромео мен Джульетта» спектакльімен Қарағанды қаласына барып, Бас жүлдені қанжығамызға байлап келдік. Алда бұдан да жоғары жетістіктеріміз болады деген үміттемін.
- Қуыршақ театры – елімізде жаз бойы жұмыс жасайтын жалғыз театр. Маусым айында өнер ұжымдары демалысқа кеткен сәтте неліктен қуыршақ театры өз жұмысын тоқтатпайды?
- Жазда оқушылардың, кішкентай балалардың барлығы жазғы демалысқа шығып, ауылдағы қара домалақ балаларымыз қалаға келіп, демалыстарын өткізеді. Қаладағылардың ауылға кетіп демалатын кезі. Демалыс кезінде сондай мүмкіндікті пайдаланып көбі білмейтін, әлі таныс емес нағыз қуыршақ өнерін көрсету үшін жаз мезгілінде де тынбай еңбек етеміз. Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес деп ойлаймын.
- Қазіргі таңда театр тек балаларға ғана емес, ересектерге арнап та қойылымдар сахналанып жүр. Бұл қойылымдарға сұраныс көп пе?
- Иә. Біздің театрымызда ересектерге арналған қойылымдарымыз бар. Атап өтсем, «Ана жүрегі», «Ана-Жер ана», «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай», «Макбет. Илююзия», т.б түрлі қойылымдарымыз сахналанып жүр. Енді бұл Қазақстанда өзіміздің елімізде жаңадан бастау алып, өсіп, енді ғана танымалдылыққа ие болып жатқандықтан әлі де біраз еңбектенуіміз керек деп ойлаймын. Аталмыш қойылымдарды көргісі келетін, білгісі келетін тұрақты көрермендеріміз бар. Бұл дегеніңіз, театр көрермен тарапынан сұранысқа ие өнер ордаларының алдыңғы шебінде тұрғандығының көрінісі.
- Қуыршақ театрының басты мақсаты неде, өскелең ұрпаққа қандай тәрбиені көрсетесіздер?
- Біздің қуыршақ театрының басты мақсаты мен міндеті – қазіргі өсіп келе жатқан жас буындарға, кішкентай бүлдіршіндерге мейірімділікті, адалдықты, сыйластықты үйрету. Бұл өмірдегі бар жақсы қасиеттерге баулимыз. Қуыршақ театрындағы қойылымдарды көрсету арқылы балалардың танымдық белсенділігін арттырамыз, сөздік қорларын арттырып, дұрыс сөйлеуге дағдылаймыз. Сонымен қатар, әр қойылымның астарында үлкен мән-мағынасы тереңде жатқан түсінік бар. Мысалы, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білу, т.б секілді өмірлік қағидаларды үйрету. Біз сахналаған әр қойылым бүлдіршіндердің жақ-жақты дамуына үлкен үлес қосып, тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал жасайтыны хақ.
- Алияр мырза, уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Сізге тек шығармашылық табыстар тілеймін!
- Сізге де рахмет! Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрына келіп тұрыңыздар, есігіміз әрдайым ашық!
Сұхбаттасқан: Айгерім ТҰРҒАНБАЕВА
Мәдениет порталы
Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/7143