Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Әз Наурыз аясында халықаралық дөңгелек үстел өткізілді

19 Наурыз 2022

Үстіміздегі жылдың 17 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтардың ұлық мерекесі – Әз Наурыз» тақырыбында Түркия Республикасының Анкара, Башқұртстан Республикасының Уфа және республикамыздың Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы қалалары театр өкілдерінің қатысуымен Zoom платформасында Халықаралық онлайн дөңгелек үстел өткізілді. 

Тағылымды театр өнерінің майталмандары пікір алмасқан дөңгелек үстел модераторы – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек ұлттық нақыштағы және наурыз тақырыбында жазылған туындылардың маңызы, ұлттық қойылымдардың театр репертуарындағы орны, өзара шығармашылық байланыстың қажеттілігі туралы өрелі ой қозғап, дөңгелек үстел қатысушыларына мерекенің артықшылықтарын, ұлттық қойылымдардың театр сахнасындағы рөлін атап өтті. 

 

Дөңгелек үстелге Түркия Республикасы, Анкара қаласы «Тempo» қуыршақ театрының директоры – Марина Юдже, Ресей Федерациясы және Башқұртстан Республикасының халық артисі – Ахметшин Айрат, Башқұрт мемлекеттік қуыршақ театрының әдебиет және драма бөлімінің басшысы Гараева Диана, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері, Нұр-Сұлтан қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, профессор – Ешмұратова Құралай, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әдебиет бөлімінің жетекшісі, «Ана ғұмыр» кітабының авторы, драматург – Омарова Мадина, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері – Көлбаева Ағзия, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Орынбай Абай және Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Ахметова Жазира қатысты. 

Түркия Республикасы, Анкара қаласы «Тempo» қуыршақ театрының директоры Марина Юдже: «Түркі халықтары Наурыз мейрамын «бірліктің қуатты қаруы» деп санайды. Үлкен көлемде арнайы аталып өтпесе де, түрік жұртшылығы үшін бұл мерекенің орны айрықша бөлек. Анкара қаласының «Тempo» қуыршақ театры ұжымы жас жеткіншектер бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында тарихи, мәдени қойылымдар қатарын көбейтуді басты міндет санайды. Сол міндетті жүзеге асыру мақсатында 2021 жылы арнайы Қазақстан Республикасының дарынды режисссері Дина Жұмабаеваның режиссерлігімен «Қорқыт әфсанасы» қойылымы түрік көрермендеріне жол тартты. Аталмыш қойылымды театр сүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдады». 

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Нұр-Сұлтан қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, профессор Ешмұратова Құралай: «Жыл басы саналатын Ұлыстың Ұлы күні Наурыздың тарихи маңызы өте терең. Қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған игі тілектер, татулық пен береке, молшылық пен кеңшілдік мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында құрылғанына небәрі он бір жыл ғана толған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қуыршақ театры екі бірдей қойылымның дайындығы үстінде. Оның бірі «Наурыз аңызы» болса, екіншісі М.Әуезовтың драматургиясы бойынша ұсынылатын «Қарақыпшақ Қобыланды» қойылымы. Ұлттық рух пен қазақы сана-сезімнің асқар шыңына жетелейтін аталмыш қойылымдар сүйікті көрермендерге жан азығын сыйлайды деген үміттеміз. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын». 

Ұлттық құндылықтартарға негізделген қойылымдардың бүгінгі қоғамға қажеттілігі, Наурыз мейрамының тарихы мен маңызы кеңінен қамтылған жүйелі пікірлер мен салмақты ұсыныстарды арқау еткен дөңгелек үстел нәтижесі театр қойылымдарында көрініс табады деген сенімдеміз. 

Мадина ТӨЛЕ

"Madeniet" порталы

Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/6999