Алматы мемлекеттік Қуыршақ театрындағы Момынжановтар отбасын әріптестері сыртынан «миллионер отбасы» деп әзілдейді. Әйтпегенде ше, бір кәсіп, бір театр, бір орта, бір отбасы ортақтастырған ерлі-зайыпты әртістердің екеуі де талантты, екеуі де еңбекқор. Отағасы Болат Момынжанов еліміздің мәдени кеңістігінде рухани құндылықтарды дәріптеп жүрген үздіктерге берілетін «Сахнагер» Ұлттық театр байқауының жүлдегері болса, жұбайы Ұлбосын Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» сыйлығын жеңіп алған. Театр өнеріндегі талантты әртістерге берілетін ең жоғарғы сыйлықты миллион теңгемен бірге еншілеген екеуі содан бері өз ортасында «миллионер отбасы» атанып кетті.
Болат та, Ұлбосын да 2000 жылы Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінің «қуыршақ жанры әртісі» мамандығына оқуға бірге қабылданады. Серік Мақұлбековтің шеберханасында шыңдалған қыз бен жігіт колледжді тәмамдаған соң шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. 2003 жылы Сұлтанғали Шүкіровтің бұйрығымен республикалық Қуыршақ театрына әртіс болып қабылданғанымен, бір жыл өтпей-ақ «сананы тұрмыс билеген» кезеңнің таршылығын Болат та бір адамдай тартып, театрды тастауға мәжбүр болған еді. Он екі мың теңгеге отбасын асырау қиындық тудырған соң, амал жоқ, театрдағы таза жұмысын Алматы арматура зауытындағы қарапайым жұмысшылыққа айырбастап, қуыршақтармен қош айтысып кете барады. Қала шағын аудандарындағы көпқабатты үйлердің біразында қолының ізі қалғанын Болат бүгінде күліп еске алғанымен, шынықтырып, шымыр етіп шығарған ол өмір мектебін актер ешқашан ұмытпақ емес. Есесіне, жас босанып отырған Ұлбосын ерінің ізін ала, құндақтаулы бөбегін ауылдағы ата-енесіне табыстап, дәл осы театрға жұмысқа қабылданады.
Бойға дарыған өнер ұзақ бұғып жата алмайды. Құдай сыйлаған қасиеттің қалайда бұлқынып, бұзып-жарып шығатын бір мезеті болады. Әлде сағыныш, әлде намыс бәрібір жетектеп әкеліп сол ұлы мұратпен қайта табыстырады. Көпқабатты үйлердің құрылысында жүріп Болат осыны түсінді. «В театре «Сезам» хорошо» деген қызылды-жасыл жарнаманы құлағы шалғанымен көз тоқтатып қарамаған екен, Жаңа жыл қарсаңында жұмысы ханбазардай қайнап, бір ай бойы тынбастан балаларға нағыз мерекелік өнер жәр-
меңкесін ұсынатын «Сезам» театры шақырғанда, сахнаны сағынып, құлазып жүрген Болат ойланбастан құрылыс алаңынан тіке осында тартты. «Сезамның» үзеңгісіне аяғының ілінгені сол, таяқ тастам жерде бір кезде өзінің тұсауын кесіп, туған үйіндей болған жылы ұясы – Қуыршақ театры құшағын ашып, қол бұлғап тұрды...
Кішкентай көрерменді қуанту, әсерге бөлеу түкке тұрмайтын тірлік, жай ғана өнер деген адам қателеседі, балдырғандардың бабын білу, оның танымына лайық тілмен жанын баурап, таңырқату – өте қиын жұмыс. «Бұлар не түсінеді дейсің?» деп рөліне жүрдім-бардым қарап, дайындықсыз сахнаға шыққанды анименің алуан түрін көріп адам болып келе жатқан кішкентай балдырғандар бір рет те кешіре алмақ емес. Тілін бұрап тәлпіштене сөйлеп, қуыршақты қимылдатса болды, бала есі шыға қуанып сала береді деген кешегі түсінік келмеске кетті. Себебі бүгінгі қуыршақтардың түрі де, тұрпаты да басқа. Ендеше бүгінгі қуыршақ театры әртісінің жұмысы да кешегіден күрделірек, өзгеше арнаға ауысқан. Кейіпкерінің дауысын, қимылын дәл келтіру өз алдына, спектакльдің басынан аяғына дейін оқиғаға байланысты қуыршақты ілестіре жүргізу оңай шаруа емес. Қуыршақты қозғалысқа келтіретін жіпті он саусағының әр буынына орап алып, оларды шатыстырып алмай, ат болып шауып, оның үстіндегі адамына ән салдырып, оған қоса қас-кірпігін ойнатып, ол аз болса, атының тізесін бүктіріп, құлатып, қайта тұрғызып, бір мезгілде бірнеше қимыл жасатып, қуыршаққа жан бітіру үшін ерекше талант керек. Болатты режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналаған белгілі өнертанушы Еркін Жуасбектің «Тоба» атты спектакліндегі мысықтың рөлінен көргенімізде, әртістің қиялы жүйрік, шеберлігі мықты болса, кез келген мақұлықтың мінезімен адам жанын әсерге бөлеп, жаманнан жирентіп, ізгілікке үйретуге болады екен-ау деп ой түйгеніміз есімізде.
Болаттың мысығы, айыбы мақұлық демесең, арнайы сөз етуге тұратын айрықша образ. Бұл образ әрдайым үлкен буын көрерменнің көз алдында тұратын «Простоквашинодағы» үшеудің қызықтары туралы әйгілі кеңестік мультфильмді еске салады. Сүйкімді баланың жанындағы үй шаруасына ұқыпты мысықты ұмыту мүмкін бе? Газет әкеп, есік қаққан пошташы Печкинге «бұл кім?» деген бір сұрағын бес қайталап қойып, аяғында талдырып түсіретін кішкентай торғайдың жанындағы Матроскин деген пысық мысықтың дауысы құлақта мәңгі жатталған. Сондағы мысықтың сөзін Олег Табаков дейтін орыс киносының ең мықты актері дыбыстағанын кейін білдік, алайда мынау Болаттың қазақша сайрап тұрған мысығының Табаков дыбыстаған сол тарғылдан бір мысқал кемдігі болсашы?! Ғайыптан тайып бір құдіреттің күшімен мысық біткенге тіл бітіп, адамша тірлік етуді бастаса, олар сөзсіз Болаттың мінсіз кейіптеуіндегі аяғын жай басып керілген монтаны, иесіне еркелеуді жақсы білетін, өз-өзіне көңілі толған тоқмейіл мінезді мысыққа ұқсар еді. Болат осы образымен-ақ балалық шағын сағынған адамды Қуыршақ театрына ынтық етіп, келесі сахналық қойылымға ықыласпен оралуға міндеттеп қойғанын өзі де білген жоқ. Мысықтың рөлімен-ақ Момынжанов театрдың талай жүлдесін жеңіп алып, қуыршақтың құдіретті күшке ие өнер екеніне көпшілікті сендіріп жүр.
Қуыршақ театрының әртісі болудың өз ерекшелігі бар. Жиі шақыратын Қуыршақ театрының сахнасындағы спектакльді тамашалап отырып «жансыз қуыршақтың ойынына екі санын шапақтап шаттанатын баланы осыншама көл-көсір әсерге бөлейтін не құдірет?» деген сұрақты жиі қоюға тура келеді. Ақыры тапқандай да болдық. Қуыршақтың жаны – қуыршақ жүргізуші әртістің қолында екен. Өйткені сахнада матадан тігілген, темірден иілген, ағаштан жонып жасалған түрлі қуыршақты қимылдатып, сөйлетіп тұрған қара киімді үлкен адамның мүлде байқалмайтынын, бірақ көрерменнің бар зейіні жанындағы адамға емес, қуыршаққа ғана ауатынын талай рет аңдадық. Бұл сірә, қуыршақ жүргізушінің мүмкіндігінше қарапайым әрі шынайы қозғалыс жасаған шеберлігіне байланысты болуы керек. Әртіс қуыршақты басқармайды, керісінше, онымен бірігіп, біртұтас бейнеге айналып кетеді. Болат бейнелеген Сотқар бұзау, Аладдин, Каштанка, орыс ертегілеріндегі толып жатқан қасқыр, ешкі, әтеш, бақа, арыстан, керік секілді аң-құстың рөлдері осы сөзімізге дәлел. Болат бүгінде талай жылғы тәжірибесін шәкірт тәрбиелеу ісіне арнап, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясынан жаңадан ашылған «Қуыршақ бөлімі» кафедрасында сабақ жүргізе бастады.
Актер алдымен өзін шыңдап, өнерін шын жетілдіре алса ғана шеберлігін қуыршаққа бере алады. Жаратылыс заңы сондай, өмірде де әр адамның болмысына зер сала қарағанда, оның жүзінен әлдебір жануардың, аңның, құстың сұлбасы елес беріп, бойында осыларға тән мінездің бұғып жататынын байқауға болады. Бір адамның табиғатына қоянның қорқақтығы тән, бірі түлкі секілді айлакер, бірі айбарлы арыстанның мінезімен көш бастап, тағы бірі жан-жағын жылан секілді заһар тілімен жайпап жатады. Бір адам жылқы мінездес, бірі тышқан кейіптес. Адам бойындағы осы қасиеттің бәрі Қуыршақ театрында алақанға салғандай анық көрініс табады, себебі сахнада жарқырай көрінетін осы шындық, ең алдымен, Болат пен Ұлбосын секілді актерлердің шеберлігінен туындайтыны рас.
Бұрынғыдай емес, бүгінгі Қуыршақ театрының бағыты, тақырыбы тұтас өзгеріп, уақыт талабына орай көпқырлы, сан салалы қызмет атқара алатынын айқын дәлелдеп отыр. Заман сұранысына сай қуыршақтар да ерте «есейіп», балаларға ғана емес, барлық жастағы көрерменге тартымды бола түсті. Қазір Алматы Қуыршақ театрының репертуарында балалар спектакльдерінен бөлек, кешкі мезгілде ойналатын «+18» мәртебесіндегі драмалық қойылымдар көбейіп келеді. «Медея», «Ромео мен Джульетта», «Макбет» сияқты жаңашыл театр режиссурасымен сахналанған спектакльдерде де Болат басты рөлдерде ойнап, драмалық жанрда да қамшы салдырмайтын дара жүйріктің өзі екенін көрсетті. Ясон, Макбет секілді терең психологизмге құрылған күрделі рөлді кәсіби драма әртістерінен бір мысқал кем ойнамаған Болатты мұндай амплуада қуыршақ әртісі деп ешкім ойламайды да.
Болаттың өмірдегі жары, төрт баласының анасы Ұлбосын Момынжанова да театрдың өте талантты, бесаспап әртістерінің бірі. Қай рөлде ойнаса да икемділігімен, ептілігімен дараланып тұрады. Ұлбосынның аниматорлық қыры да әріптестері арасында әбден мойындалған. Спектакль кезінде балаларды сахнадағы ойынға тартып, оларды еліктіріп, интерактивті қарым-қатынас орнатудың шебері. Екі тілді еркін меңгерген, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін Ұлбосын балаларға арналған орысша, қазақша спектакльдердің барлығында белсенді жұмыс жасайды. «Қызыл телпек», «Сұғанақ ешкі», «Үш торай», «Сотқар бұзау», «Атамекен», орыс халық ертегілерінде Маша, түлкі, мысық, «Арыстанның үрейін қалай емдейміз» қойылымында Бонго-Тонго, «Аладдиннің сиқырлы шамында» жын болып, көтерген тақырыбы, идеясы әртүрлі ертегілерде балғын көрермендердің ой-қиялының дұрыс қалыптасуы үшін барын салады.
Қуыршақ театры сахнасының серкелері болса да, мақтанды жаны қаламайтын, бетегеден биік, жусаннан аласа болуды өмір сүру ұстанымына айналдырған Болат пен Ұлбосын қарапайым, кішіпейіл мінезбен-ақ көп іс тындырып, көзқарасы мен таным көкжиегі енді қалыптасып келе жатқан жас өскінді адамгершілікке тәрбиелеп, оларға дұрыс өмір сүрудің құндылықтарын үйрету үшін жанталаса еңбек етуден еш жалыққан емес. Осындай талантты әртістер жасаған образдан бір баланың жүрегіне ізгілік дәні егіліп, қоғамға қызмет ететін жақсы адам болып қосылса, бұл Қуыршақ театрының теңдессіз жеңісі болмақ.
Айгүл Аханова
"Egemen Qazaqstan" газеті
Сілтеме: https://egemen.kz/article/288812-millioner-momyndganovtar