Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Бар жақсымыз – балаларға

16 Тамыз 2021

Балалар әлемі – ең көңілді, ең шынайы әлем. Бүгінде қоғам осындай тазалыққа зәру. Адам өзін өзі дамытып, ғажайыпқа деген сенімін ұлғайтып, қиялын қанаттандырып отырмаса, тұлғалық тұрғыдан құлдырайтыны анық.

Бұл олқылыққа жол бермей, еңбектеген бала мен еңкейген қарттың рухани қажеттілігін өтеп отырған өнердің алғашқы мектебі – қуыршақ театры. Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген жан қуыршақ театрына асығатыны сөзсіз. Театрға келген әр көрермен қойылымнан іздеген жан тыныштығын тауып, ерекше күйге бөленеді.

Алматы қаласының Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры соңғы бес жылда жазғы демалыссыз жұмыс істеп, көрерменіне қызықты қойылымдар легін ұсынуда. Қала тұрғындарының да сұранысы жоғары. Себебі бала санасына әдеби шығарманы сахнаның тілі арқылы сиқырлап, сан түрлі формада жеткізетіндігі өзге өнер ордаларына ұқсамайды. Қуыршақ театрының әлемі ғажайыпқа толы екендігі де содан. Саусауққа киетін қуыршақтан бастап, қолғап, марионетка, суырмалы (тросты), планшетті, бойлы, көлеңкелі қуыршақтар құбылып өнер көрсеткенде, көңіліңіз көтеріліп, сиқырлы орта өзіне баурап алады.

Мәдени мекендегі қуыршақ қойы­лымдары – әртүрлі жастағы ба­лалар­дан бөлек ересектердің өзіне ұмытылмас әсер қалдырады. Сексен алты жылдық тарихы бар республиканың тұңғыш қуыр­шақ театрында тәрбиелік мәнге ие, көрерменнің ойын дамы­та­тын қо­йы­лымдар қатары көп. Қуыр­шақ ке­йіпкерлер арқылы баланың жан дүниесіне жарқын эмо­ционалды сезім­дерді сыйлай оты­рып, бал­дыр­ғандарға достық, жауап­кер­­шілік, мейірімділік, батылдық, еңбекқорлық сынды адами қасиеттерді дәріптейді. Ойлау көкжиегін дамытып, айналасымен тез тіл табысуға итермелеп, сөздік қорын байытады. Сахнада болып жатқан оқиға арқылы көптеген сұрақтарға жауап тауып, ішкі қақты­ғыс­тарды шешуге көмектеседі.

Әр театрдың өзіндік ерекшелігі, құпия сырлары бар. Өзге театр­лар­да сахналанатын қойылымды бекіт­кеннен кейін режиссер бірден жұ­мыс­қа кіріседі. Ал мұнда бірінші кезекте қуыршақ кейіпкерлердің бейнелері жасалынады. Актерлер қойылым барысында жансыз қуыршаққа жан бітіреді. Қуыршақтар арқылы бүкіл адамзатқа ортақ дүниенің барлығын айтуға болады. Кейіпкердің қимыл қозғалысын үйлестіріп, өзіндік дауысын табу арқылы кішкентай көрермендерді бау­рап алу оңай емес. Пайда болғаннан бастап, қараған көз­ді қызықтыратын әдемі өнер тү­рінің қиындығы да жетерлік. Бұл тұста техникалық ұжым мен шығар­ма­шылық труппаның үздіксіз еңбегін атап өткеніміз жөн.

Қоғамдағы ахуалға байланысты өнер ордасы 2020 жылдың наурыз айынан бері көрерменмен қол үзбеу мақсатында дәстүрлі қойылымдардың көрсетілімінен тыс ресми әлеуметтік парақшаларында онлайн жұмысты қатар алып жүр. Театрдың YouTube каналында репертуардағы жиырма тоғыз спектакльдің онлайн көр­сетілімі ұйымдастырылып, кәсіби театр­танушы мамандардың театр репертуарындағы спектакльдерге сараптамалық талдауын көрсететін «Театртанушы талдауы», театр режис­сері, әртістері, суретші-бутафор, театр директорларын өнер сүйер қауыммен жақынырақ байланыс құрып, шығармашылығымен кеңінен таныстыру мақсатында «Тікелей эфир» айдары арқылы алпыс бес онлайн сұхбат жүргізілінді. Сондай-ақ театр әртістерінің қатысуымен: «Балаларға базарлық», «Қайырлы түн» айдарлары арқылы қазақ және әлем ертегілерінің оқылымы; қуыр­шақ жүргізуден шеберлік сағаты көрсетілген «Құпияға толы қуыршақтар»; балаларға арналған ойын-сауық тәсілдерін ұсынатын «Ойнайық та, күлейік»; баланы үйде дамытудың түрлі тәсілдері мен әдістерін ұсынатын «Үйрен де, жирен»; Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қарасөздерін оқи отырып, мәні мен мағынасын көрерменге тереңірек насихаттау мақсатында «Жауһар жырлар жаңғырығы»; жас драматургтердің балаларға арналып жазылған шығармаларын талдайтын «Пьеса оқылымы»; сексен алты жылдық тарихы бар театр тынысынан сыр шертетін «Тарихқа айналған тағдырлар»; қуыршақ театрын сағынған кішкентай көрермендердің сәлемдеме бейнежазбасы жолданған «Қуыршақты сағынған құлыншақ»; әлемдік, отандық әдебиеттердің үздік шығармаларынан үзінді оқи­тын «Асыл қазына аясында»; театр қыз­меткерлерінің қатысуымен «Өлең, мен сені сүйіп өтем» поэзия оқылымы және театрдағы мінез-құлық ережелері, мәдениет және этика заңдылықтарын баяндайтын «Көрерменге кеңес» ақпараттық-танымдық айдарлары ұсы­нылды. Ағымдағы жылдың қаңтар айында «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» 2020 жыл бойынша еліміздегі алпысқа жуық театрлардың атқарған еңбектерін сараптай келіп, онлайн форматта «Сыншылар жүл­десін» табыстады. Аталған еңбек­тің нәтижесінде қуыршақ театры «Онлайн форматтағы ең үздік театр», «БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театр» және «Үздік балаларға арналған қойылым – «Үйшік» спектаклі» номинациялары бойынша үздік деп танылды.

Театр ұжымы қуыршақ өнерін, шығар­машылық тынысын, репертуар­дағы қойылымдарды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында жан-жақты бел­сенді жұмыс істеуде. Респуб­ли­каның өзге өңірлерінің тұрғындары да хабардар болуы үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасының мектеп бағдарламасына сай «Театр өнері» бөлімінде кәсіби театртанушылар, әртістер театр репертуарындағы он екі үздік қойылым бойынша мектеп оқушыларына онлайн дәріс оқыды. Қызықты әрі танымдық жоба қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.

Сонымен қатар өнер сүйер бүл­дір­­шіндер мен ата-аналар театр ұжы­мының өнерін Алматы қаласында ор­наласқан Alatau Creative Hub алаңынан та­машалай алады. Мұнда қуыршақ жүр­гізуден үйірме жұмысы жанда­нып, театр әртістері кішкентай балаларға қуыршақтармен жұмыс істеудің алғы­шарттарын үйретіп, шеберлік сағат­тарын өткізеді.

Соңғы кезде жаңашылдығымен көзге түсіп, республикалық, халық­а­ралық театр фестивальдерінде топ жарып жүрген өнер ордасы ағым­дағы жылдың маусым айында Татарстан Республикасы Қазан қаласында өткен «Наурыз» XV Халықаралық түркі халықтарының театр фестиваліне «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымымен онлайн форматта қа­ты­сып, дипломант атанды. «Наурыз» фестивалі – жыл сайын жо­ғарғы дә­ре­жеде өтіп отыратын Ре­сей­де­гі ұлт­тық театрлар арасындағы ең ауқым­ды жалғыз фестиваль. Дәл осы айда өнер ордасы Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында өткен «КУКART» XV Халықаралық қуыр­шақ және синтетикалық театрлар фестиваліне де шақырту алып, «Ромео мен Джульетта» спектаклімен офлайн форматта қатысып, «Уильям Шекспир шығармасының қазақ тіліндегі ерекше оқылымы» номинациясымен марапатталды. Жылдың соңына дейін төрт ­театр фестиваліне қатысуды жоспарлап отыр.

Театрдың еңбегі елде ғана емес, шетелде де бағалануда. 2021 жылдың наурыз айында репертуардағы «Ана-Жер Ана» қойылымы Қырғызстан Республикасының ұлттық «ЭРГУУ» театр жүлдесін иеленді. Байқау аясында шетелдік театр ұжымдарының Ш.Айтматовтың ең үздік шетелдік ­­театрлар сахналаған спектакльдері өзара бақ сынады. Дүлдүл театрлар аламанында топ жарған Алматы қала­сы­ның қуыршақ театры «Қырғыз авто­рының шығармасын ең үздік сах­на­лаған шетелдік театр» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Театрдың ересек көрермендеріне ұжым осы маусымда У.Шекспирдің «Мак­бет» шығармасын, бүлдір­шін­дерге халық ертегісі «Ер Төстікті», «Қасқыр мен жеті лақ», «Күлше қыз» ертегілерін сахналап, базарлық ұсын­ды. Қай қойылымды алсақ та, бас­ты мақсат – жас ұрпақ бойына салт-дәс­түр­ді дәріптеп, досқа адал болуды, қай­сарлыққа баулып, адамгершілік қа­сиеттер мен ептілікті бүлдіршіндер са­насына сіңіру.  

Қуыршақ театры – шексіз театр. Құдіретке ие өнер түрінің дамуы және оның көрермендерінің мейлінше көп болуы ұлтымызға саналы ұрпақ сыйлайтын алғашқы мектептердің бірі болып қала бермек.

 

Талғат ЕСЕНАЛИЕВ,

Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры

"Egemen Qazaqstan" газеті

Сілтеме: https://egemen.kz/article/285215-bar-dgaqsymyz-–-balalargha