Қазіргі таңда республикамызда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру барысында тарихи сананы жаңғыртудың арнайы жобалары бойынша ірі жұмыстар атқарылып, маңызы мол игі шаралар өз жалғасын табуда.
Рухани асыл құндылықтарды дәріптеп, адамгершілік биік ұғымдарды жас жеткіншектер бойына маңызы мол, тәрбиелік мәні жоғары спектакльдер арқылы насихаттап жүрген көрермен санасының шамшырағы – Мемлекеттік қуыршақ театрының қоғам өмірінде соның ішінде мәдени ортада алатын орны ерекше екендігі айқын.
Бүгінгі таңда Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында кішкентай бүлдіршіндерге ғана емес, сонымен қатар, ересектерге де арналған қойылымдар сахналанып жүргендігі белгілі. Осы орайда, «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасын іске асыруда өресі биік өшпес, өзекті тақырып ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясындағы «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.:А.Зайцев) спектаклі тұңғыш қуыршақ бейнесінде көрермендерге жаңа қырынан ұсынылды.
Отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды, ұлы даланы мекен еткен, ұлықтауға тұрарлық ұлы тұлғалар өмірі мен шығармашылығын, асыл мұрасын мағынасы терең, берері мол спектакльдер арқылы жас жеткіншектердің рухани жаңғыруына үлес қосу – театрдың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Осы тұрғыда көрермен назарына ұсынуға тұрарлық қойылымдар сахналауда оның жастарға берер тағылымы мен насихатын, көркемдік маңызын театр ұжымы назардан тыс қалдырмайды.
Күллі ғаламға білім шуағын шашқан, асыл сөз құдіретін ұғындырар дара бейне ұлы Абай турасындағы туынды театр әлемінде қалыптасқан үрдістен ауытқыған жаңаша бағыт, заманауи форматтағы символикалық шешімдермен құрылып, ұлы ойшыл философиясының терең астарын өзгеше қырынан ашып, ақын образын классикалық тұрғыда көрсететін әдеттегі қойылымдардан өзгерек өрбіп, көрерменіне рухани биіктік әсерін сыйлайды.
Рухани жаңғырудың жолдарын, ұлы есімдерді танудың бірден бір маңызды бағыты – ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, мәдениет пен әдебиетті тоғыстыратын сапалы, кәсіби, астары терең, көркемдік деңгейі жоғары қойылымдардың қоғамға ұсынылыуы. Осы тұрғыда, Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналанған «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.:А.Зайцев) қойылымында бүгінгі таңда әрбір адам тануға тиіс дана данышпан өлеңдері мен қара сөздері, ақынның өмірін қамтыған М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінділер алынған.
Болашаққа бағдар жасауда рухани жаңғырудың маңызды сатыларының бірі – білімді, жан-жақты дайындалған, саналы ұрпақ тәрбиелеу болса, аталған мәселенің бір ұшы қуыршақ театры өнерімен тамырлас екендігі айқын.
Қоғамдағы атқарар жүгі басым, өнердің өзгеше мекені – Мемлекеттік қуыршақ театрының алдағы уақытта көрерменіне ұсынар рухани жаңалықтарынан қапы қалмаңыз, қадірлі оқырман.
Мадина ТӨЛЕ