Театр өнерінің ішінде өрнегі бөлек әлем бар. Ол – қуыршақ театры. Ал бала түгілі, ересек көрерменнің көңілін сан түрлі сезімге бөлейтін жансыз ойыншыққа жан бітірер актерлер шеберлігі шын мәнінде үлкен құрметке лайық.
Күні кеше Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен XIV Халықаралық КУКART қуыршақ театр фестивалінде топ жарған Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры өнерде тіл болмайды, тек қана жүрек болатындығын тағы бір мәрте дәлелдеп қайтты. А.Зайцевтің режиссерлік қолтаңбасымен көрерменге жол тартқан Е.Ионовтың «Ана жүрегі» қойылымы қуыршақ мерекесіне жиналған әлемнің жетекші театр мамандарын тәнті етіп, үздік атанды.
КУКART Халықаралық қуыршақ фестивалі – 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайырымдылық бағыттағы коммерциялық емес жалғыз фестиваль. Аталмыш өнер байқауы марионет Евгений Деммен атындағы Санкт-Петербург театрының 100 жылдығына арналды. Түрлі елдер мен халықтар арасындағы мәдени көпірге айналған фестивальдің биылғы бағдарламасында Еуропаның – Швеция, Испания, Германия, Польша, Бельгия, Болгария және ТМД-дан – Беларусь, Қазақстанның театрлары өнер көрсетіп, шығармашылық қарымын сарапшылар мен сыншылар назарына ұсынды. Байқау бағдарламасы дәстүрлі үш бағыттан тұрды: негізгі, арнайы және клубтық қойылымдар. Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ана жүрегі» қойылымы негізгі бағдарламаға енген.
«Ана жүрегінің» тақырыбы мен көрерменге берер тағылымы, мазмұны мен маңызы ерекше. Қаншама ғасыр өтсе де, өмірдің кілтін ұстап тұрған «Ана» мен «Бала» ұғымы ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Ана – балаға, бала – анаға тәуелді. Бірақ, бүгінгі заманда біз бұл түсінікті қалай қабылдаймыз?!. Міне, осы сауалға жауап іздейтін сахналық туынды қуыршақтар бейнесінде тіл қатып, көрерменге ерекше әсер қалдырғаны анық. Қойылымдағы Ана рөлін актриса Толқын Тілеулиева, Бала бейнесін Руслан Әбу кемеліне келтіре кейіптеді.
Нәтижесінде, алматылықтардың «Ана жүрегі» көрерменін елжіретті. Сөйтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қуыршақ өнерінің кәсіби білгірлері қазақстандық өнер ұжымының қарымы мен шеберлігін жоғары бағалап, «Үздік спектакль» және «Үздік актерлік ансамбль» аталымындағы қос бірдей жүлдені ұжым қанжығасына байлап берді. Одан бөлек, шығармашылық труппа алдағы жылы Болгария мен Ресейдің Самара қаласында өтетін Халықаралық театр фестивальдеріне шақырту алды. Сөзсіз, бұл – қазақ өнері үшін зор жетістік.
Жалпы, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры – соңғы уақытта шет мемлекеттерге жиі шығып, ұлттық өнеріміздің мерейін асырып жүрген үздік ұжымдардың бірі. Ұлт топырағындағы уақыт тұрғысынан ғана тұңғыш емес, сапа мен көркемдік деңгей жағынан да көш бастап үйренген театр алыс-жақын шетел театрларымен иық тірестіре өнер көрсетіп, талай додада топ жарып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қуыршақ театрларына лайықты деңгейде үлгі болып жүр.
Қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған қарашаңырақ бүгінде бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуы жолында ересен еңбек сіңіруде. 84 жылдық тарихы бар театр таяқ қуыршақтан бастап, замана ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Жаңашылдыққа жаны құмар сахнаның бұл саласы, жалпы театр өнеріне жүктелер қоғамдық салмақты үлкен қажырлылықпен тең көтеріп келеді. Елімізде және шетелде өткен халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу. Лайым, солай болсын дейік!
"EGEMEN QAZAQSTAN" республикалық газеті