Артист
Қуыршақ өнерінің қыр-сырына қанық, сахна сырын жүрегімен сезінген, «Дара» төсбелгісінің иегері, талантты актриса Бейсембаева Гүлвира Жұмақынқызы.
Өнерге деген іңкәрлігімен ерекшеленетін сахна шебері 1982 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Кіші-Дихан ауылында дүниеге келген. Бала кезінен бойына дарыған өнерге деген құштарлық оны 1999 жылы талай таланттың қанатын қатайтқан Республикалық эстрада-цирк колледжіне жетелеп әкелді. Аталған оқу ордасын «Қуыршақ театрының артисі» мамандығы бойынша табысты тәмамдаған ол бүгінде Алматы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында ширек ғасырға жуық уақыт бойы табанды еңбек етіп келеді.
Қуыршақ театрының өркендеуі жолында өзіндік қолтаңбасымен танылған актриса «Аққу жібек», «Ана жүрегі», «Мен бір жұмбақ адаммын. Абай», «Мелодия друзей», «Алтын балапан», «Алладиннің сиқырлы шамы», «Қуыршақ думан», «Көңілді қонжықтар», «Медея», «Буратиноның шым-шытырық оқиғасы», «Түйме қыз», «Мен кіммін...» сынды көптеген мазмұны терең, тағылымы мол спектакльдерде жарқын бейнелерімен көрермен жүрегінен орын алып келеді.
Гүлвира Жұмақынқызы тек сахна төрінде ғана емес, көгілдір экранда да өнерін шыңдап жүрген актриса. Ол «Сотқа жеткізбей», «Ұлжан» тележобаларында, сондай-ақ Шанхай халықаралық кинофестивалінде жүлделі орынға ие болған «Талақ» көркем фильмінде сәтті рөл сомдап, актерлік қарым-қабілетінің кең ауқымын дәлелдей білді.
Өнерге адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған, жас көрерменнің танымын кеңейтуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан сахна саңлағы – бүгінгі кейіпкеріміздің шығармашылық жолы көпке үлгі, кейінгі буынға өнеге.