Қуыршақ театрының тұрақты көрермендері театр репертуарының 70 пайызы балаларға арналған спектакльдерден, ал 30 пайызы ересектерге арналған қойылымдардан тұратынын біледі.
Театр сыншылары Қуыршақ театры бүлдіршіндердің дұрыс бағытта өсіп-жетілуі, дамуы жолында адамгершілік асыл құндылықтарды бойға сіңіріп, қоғамда болатын кез келген жағдайға өзіндік қарым-қатынас қалыптастыруға көмектесетін бірден-бір тәрбие ошағы екендігін айтады. Өйткені, спектакль кезінде балалар қуыршақтармен бірге билеп, солармен бірге ойнайды, қуыршақтар тарапынан қойылған сауалдарға жауап береді. Балалар аудиториясымен тығыз қарым-қатынас, кері байланыс бар.
Үздік қойылым ретінде танылған «Үйшік» ертегісіндегі ерекшелік – алғаш рет сахнаға тоқыма қуыршақтар ұсынылды. Кейіпкерлердің бәрін қоса алғанда, артистердің киімі мен спектакльдегі реквизиттерге дейін толықтай жүннен жасалған. Аталған ертегі әлемнің әр жерінде түрлі форматта көрсетіліп, сан қилы режиссерлік шешімдермен көрермен назарына ұсынылып келеді. Ал Мемлекеттік қуыршақ театры қойған «Үйшік» қойылымының ерекшелігі – балалар аудиториясымен тығыз әрі үздіксіз қарым-қатынаста болуы. Оқиға желісі артистер мен балалар байланысын күшейтетін түрлі детальдар арқылы үздік ойнатылады. Қойылым атмосферасы қалыптасқан әдеттегі заңдылықтардан бөлек, көрермендерге еркіндік пен көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын жеңіл әрі танымдық сипатымен өзгешеленеді.
«Қуыршақ театрының қойылымдарына жиі келетін бүлдіршіндер спектакльдегі кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты айыра білуді үйренеді», – дейді мамандар. Сондай-ақ, адамгершілік биік сезімдердің маңызын ұғынады. Қуыршақ секілді жансыз затқа жан бітірудің бала қиялының дамып, ой ұшқырлығының өсуіне пайдасы зор.
Алдағы ақпан айында бәріміз жақсы білетін «Жеті лақ» ертегісі музыкалық қойылым ретінде көрермен назарына ұсынылмақ. Әртістер жанды дауыста ән айта отырып, ертегіні сахналап шығады. Орыс халық ертегісінің негізінде қойылатын қойылым классикалық нұсқаны бүгінгі заманауи театр тілінің стилімен ұсынады. Режиссері – Антон Зайцев.
Одан кейін тағы осы ақпан айында классик, ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Макбет» шығармасы ересектер үшін қуыршақтар тілінде сөйлемекші. Режиссері – Дина Жұмабаева.
«Макбет» – Уильям Шекспирдің әйгілі трагедияларының бірі. Шотландия королі Макбеттің шынайы өмірбаянына негізделген пьеса достарға шамадан тыс күш көрсету мен опасыздық жасау қаупі туралы архетиптік әңгіме негізінде сахналанады. Балалар күніне орай Қуыршақ театры қазақтың ұлттық ертегісі «Ер Төстікті» сахнаға шығаруды жоспарлап отыр.
«Баланы алдау мүмкін емес», – дейді театр әртістері. Олар – ұнаса ұнады, ұнамаса ұнамады деп бетке тік айтатын ерекше көрермендер. Қойылымның кейіпкерлерімен бірге алаңдап, олармен бірге қуанып, тіпті сахнаға дейін шығып кететін балалар да бар көрінеді. Спектакль соңында ертегідегі кейіпкерлердің атын атап, ата-анасына «сонымен кездескім келеді, сөйлескім келеді, онымен бірге ойнағым келеді» дейтін де балалар болады.
– Біздің репертуарды толықтай жатқа білетін, тіпті бір спектакльге оншақты рет келіп көріп жүрген кішкентай көрермендеріміз бар. Бәлкім, сіз үшін сенбейтін дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ белгілі бір спектакльді таңдап, соған толық залдың билет құнын төлеп, баласын жалғыз отырғызып спектакль көрсететін де ата-ана бар. Кейде сол ата-ана баласын тек достарымен ғана кіргізеді. Біз үшін зал толып отыр ма, бір ғана бала отыр ма, ол маңызды емес. Ең бастысы, біз баланы ертегілер еліне сапар шектіретін әдемі сезім сыйлаймыз, – дейді театр әртістері.
Мұнда әрбір қойылымда қуыршақтардың небір түрі қолданылады. Яғни саусаққа киетін қуыршақ, тросты қуыршақ, марионетка дейсіз бе, планшет қуыршақ және бойлы қуыршақтардың барлық түрі ойнатылады.
Айта кетейік, ересек көрермендер театрдан Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Өмір-өзен» музыкалық қойылымын көре алады.
Әсел ДАҒЖАН