Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақтар бейнесіндегі "Макбет" трагедиясы

25 Ақпан 2021

Ақпан айының 22-24 күндері сағат 18:30-да көрермен  назарына Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры ересектерге арналған "МАКБЕТ. ИЛЛЮЗИЯ" қойылымының премьерасын ұсынды. Бұл туынды елімізде тұңғыш рет қуыршақтар бейнесінде сахналанды.

Шындық пен елес, амбиция мен күш, кінә мен өкініш... Батыл әрі асыл адамның зұлымға айналуы оны құмарлықтың құлы етеді. Иллюзиялық сана дағдарысына ұшыраған Макбет ұрпақ сүю жолында соқыр үмітке сеніп, қолын қанға бояйды.

 Алайда бала сүйдіру – тек қана Жаратушының қалауымен болатын айрықша құбылыс екенін ұмытпаған абзал. Адамзатқа ортақ мәселені бір отбасының тағдырымен суреттеген ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатты.

Спектакльді республикамыздың, шетелдің театр қайраткерлеріне есімі жақсы таныс, бірнеше халықаралық, республикалық фестивальдерде үздік атанып жүрген  режиссер Дина Жұмабаева қойды.  

Спектакльде басты кейіпкер Макбетті – Болат Момынжанов, Шохан Құлназаров, леди Макбетті – Жанар Мақашева, Арайлым Байырбекова сахналайды.

"Макбет" пьесасы қоғамдағы билік пен позиция үшін өліммен ойнап, өзінің ар-намысын, достарын, тіпті өмірін сатқан адамның құлауы арқылы ішкі арпалыс пен мемлекеттің трагедиясын бейнелейді.

Спектакль үш жынның Макбетпен қалай кездесетіні, оған болжам айтуынан басталады.

"Бұл Шекспирдің әйгілі пьесасы. Қойылымда 3-4 қанға қантөгіс болады. Оқиғаның негізі желісі билікке, таққа талас бойынша құрылған. Бірақ біз бұлардың бәрін екінші планға жіберіп, негізгісі етіп Макбет пен леди Макбеттің арасындағы қарым-қатынасты алдық. Екеуінің арасындағы мұрагердің болмауынан туындайтын қиыншылыққа көп көңіл бөлдік. Бұл бүгінгі қойылымның өзегі. Қойылымда қуыршақтар иллюзия ретінде сахналады. Спектакльде өте көп метафора болады", - дейді "Макбет" спектаклінің режиссері Дина Жұмабаева.

Режиссер көрерменнің алдымен Шекспирдің әйгілі пьесасын оқып, дайындалып келмесе бүгінгі қойылымды түсінбейтінін айтады.

"Бұл қойылым интелектуал көрерменге арналған. Мен Шекспирдің Макбетін сахналауды армандайтынмын. Басшылық ұсынған кезде бірден қабыл алдым. Біз осы қойылымды сахналау барысында көп тәуекелге бардық. Бүгінгі спектакль қуыршақтар театрының актерлеріне де, маған да зор тәжірибе болды. Билік мұрагерді қалайды. Ал Макбет пен леди Макбет арасында бала жоқ. Мен осы отбасындағы бала болмаудың салдарын көрсеткім келді", - дейді режиссер Дина Жұмабаева.

Қойылым барысында Макбет пен леди Макбет бірнеше жерде ағылшын тілінде сөйлейді. Режиссер премьераға келетін көрермендердің ағылшын тілін білуі керек екенін айтады.

"Біз бүгінгі премьераға Шекспирдің өз тілін қосуды жөн көрдік. Қойылымдағы негізгі, өзекті сөздерді кейіпкерлер ағылшын тілінде айтады. Сондықтан, көрермендер ағылшын тілін білуі де маңызды", - дейді Дина Жұмабаева.

Режиссер "Макбет" қойылымына дайындық аз болды дейді.

"Біз бүгінгі премьераға 2 апта ғана дайындалдық. Уақыт аз болды. Әлі де әртістермен жұмыс істеу керек. 10 қойылымнан кейін әртістер тәжірибе жинайды. Спектаклдің өзі ауыр, өлім бірнеше рет қайталанады. Сондықтан, қуыршақ театрының әртістерін оған психологиялық жағынан дайындау керек болды. Негізі бұл спекталді біз халықаралық байқауларға арнап қойдық", - дейді режиссер.

Макбет трагедиясы Шекспирдің көптеген драмалық шығармалары сияқты, автор бейнесін өте шебер бейнелеген тиран патша туралы аңызға негізделген. Алайда, Шекспир шығармашылығын зерттеушілер мен тарихшылар шығарманың пафосы мен сюжеті тарихи фактілерге қайшы келеді деп тұжырымдайды.

Өмірде болған Мак Бетад мак Финдляйх – 1040 жылдан Морей әулетінен шыққан Шотландия королі.

Король І Дунканді Дунсинейн түбегіндегі ұрыста өлтіріп, билікті өз қолына алған. Макбет патшалық тағына Дунканның баласы Малькольмды отырғызбақ болған ірі феодалдарға қарсы күресті. 1057 жылы Шотландия мен ағылшын феодалдарының біріккен әскерлерінен күйрей жеңілді. Макбеттің өзі Малькольммен ұрыста қаза тапты. Осы оқиғалар – Малькольм туралы аңыздар мен деректерді Уильям Шекспир өзінің "Макбет" деген трагедиясына өзек етті.

Шығарма ерекше сценалармен, кеңейтілген образдар жүйесімен және сюжеттің қарқынды дамуымен жүзеге асатын классикалық сахналау жанрында жасалған. Бұл туындының аса танымал болуына алып келді.

"Макбет" трагедиясы бүкіл әлем театрларының репертуарларына енгізілді және пьеса бірнеше рет экранизацияланды.

Ал Дина Жұмабаеваның қойылымындағы ерекшеліктерді, суретшісі – Юлия Чернова, балетмейстер – Анна Цой, композитор – Г.Юнның шеберлігін айта кеткен жөн. Бұл премьера класикалық жанрдан өзгеше, заманауи һәм жаңаша стильде сахналанды.  

Бүгінде кішкентай бүлдіршіндерден тыс ересектерге арналған кешкі қойылымдарды да сахналап, жаңа форматқа көшкен өнер ордасы әлемнің классикалық туындыларын қуыршақтар бейнесінде сөйлетіп, ұлттық қуыршақ театры өнеріне жаңа тыныс сыйлап жатыр. Бұған дейін сахна төрінде көрерменмен қауышып, республикалық, халықаралық фестивальдерде сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, қанжығасын жүлделі орындармен майлап жүрген "Ана жүрегі" (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев), "Ана-Жер Ана" (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева), "Медея" (авт. Еврипид, реж. А.Салбан), "Ромео мен Джульетта" (авт. У.Шекспир, реж. Д.Жұмабаева), "Мен бір жұмбақ адаммын... Абай" (инсценировка авт. Е.Локшина, реж. А.Зайцев), т.б. сынды ересектерге арналған қойылымдар тұрақты көрерменін тапқан.

 

Т. Раушанұлы

"Массагет" порталы

 

Сілтеме: https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/teatr/64576/