«Өмір дегеніміз - «ақылсыз ертегі ... ештеңені білдірмейді».
«Жүрек көздеген мақсатты қорқақ көз әшкере етер»
Макбет
Театр – тарих, театр – өмір, театр – шындық! Тағылымды театр өнері – ғасырлар бойы шексіз де тұңғиық адам жанының сан қатпарлы сырларына сарқылмас сахна өмірі арқылы сапар шегіп, әр дәуірде тарих қойнауында өзгеше ерек есімдерімен сақталған дара тұлғалар бейнесін бүгінгі күн көрерменіне жеткізетін ерекше күш.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры соңғы жылдары ересектерге арналған қойылымдар қатарын салмағы басым, бағыты басқа, форматы өзге
күрделі де тың туындылармен толықтырып, дәстүрлі үрдістен алшақ философиялық және идеялық мазмұны кең, эксперименталды шығармаларды жарыққа шығаруда. Солардың бірі ағылшынның ұлы драматургі У.Шекспирдің бізге жеткен 12 трагедиясының ішіндегі белгілі шығармасы – «Макбет».
Қазіргі таңда өзіндік өзгеше режиссерлік қолтаңбасымен, терең астарлы да шынайы образдарымен, күрделі де көркем шешімдерімен көптің көзайымына айналып, театр майталмандары мен сыншыларының жоғары бағасына ие болып жүрген жас та талантты режиссер Дина Жұмабай Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында 2018 жылы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша сұм соғыстың зардабын көрсеткен «Ана-Жер Ана», 2019 жылы У.Шекспирдің шырғалаңға толы махаббат оқиғасын арқау еткен «Ромео мен Джульетта» трагедияларын сахналаған болатын. Аталмыш туындылар халықаралық, республикалық театр фестивальлдерінде жүлделі орындарға ие болып, қуыршақ театрының жаңа қырын ашқан үздік қойылымдар қатарында.
У.Шекспир шығармашылығынан таңдалған «Макбет» трагедиясы да адамның ішкі арпалыс сезімдерін, нәзік те тылсым психологиялық күштерді, философиялық ойлар мен бүгінгі күнде де маңызын жоғалтпаған мәселелерді шебер бейнелеген қойылым.
Адам өмірінің ажырамас бөліктері өмір мен өлім, билік пен баға, арбасу мен алмасу, махаббат пен өкініш, жеңіс пен жеңіліс, болашақ пен бақыт, азап пен рақат, ар мен ұят, талпыну мен табысу ұғымдары, ащы шындықтың, жан мен ар азабының көрінісі «Макбет» трагедиясында бүкпесіз ашық ұсынылмақ.
Өн бойына терең мағына, астарлы ақиқат тұндырған, шынайы болмысымен бөлек сезімге бөлейтін қуыршақ театрында тұңғыш сахналанған «Макбет» трагедиясы ақпан айының 22-24 күндері аралығында сағат 18:30-да өз көрермендерімен қауышуға дайын! Театрда жүздескенше!
Мадина Төле
Qamshy.KZ
Сілтеме: https://qamshy.kz/article/63228-aqylsyz-ertegi-qaqarly-makbet-quyrshaq-teatrynda