Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Арманы қызық бір қасқыр

11 Ақпан 2021

Қазақ халқының ертегілері әдетте «Ерте, ерте, ертеде!..» деген еліктірерлік сөздермен басталып жатады. Содан кейін тәрбиелік мағынасы мол таңғаларлық оқиға баяндалады. Бұл фразаны естіген кезде әрбір қазақ ерекше бір ертегілер әлеміне сапар шегетінін жақсы түсініп біледі һәм соған байланысты сәл-пәл алаңдап тұрады. Мұндай сөздерді біз «ертегі әлемі есігін ашатын кілт» деп сипаттай аламыз. Біздің сөз еткелі отырған тақырыбымыз тікелей ертегі ұғымымен байланысты, сол себепті де мақаламызды жоғарыдағы түсінік секілді бастап көрелік.

Ерте, ерте, ертеде Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында ауа-райы жарқырап тұрған кезде біраз уақытқа созылған жиналыс болады. Сол бір жиналыста мекеменің басшылары сахнаға жаңа қойылымның қажет екенін сөз етеді. Олар: «Қойылым тек жап-жаңа емес, сонымен қатар көрерменді жібермей ұстайтын, қуанышқа толы әсер сыйлайтын, толғануға мәдени азық беретін спектакль болуы керек!» деген оймен бөліседі. Содан кейін арада шамалы уақыт өтіп, жаңа бір идея пайда болады.

Осылайша, Қуыршақ театрының мамандары жиырмадан астам нұсқасы бар, орыс халық ертегісі болып есептелетін, әйгілі неміс лингвисттері – ағайынды Гриммдердің топтасына енген «Қасқыр мен жеті лақты» сахналауға кіріседі. Сахналағанда да олар қойылымды жәй ғана көшірме ретінде емес, заман талабына сай жаңаша қырынан ашылатын спектакль ретінде сахналауды жоспарлайды. Сөйтіп біршама маңызды әрі қажет жұмыстар орындалып, спектакль дайын болады.

Қуыршақ театрында көрерменге жол тартқан жаңа «Қасқыр мен жеті лақ» қойылымы – таным-тәрбиелік мағынасы зор ертегі әрі көңіл көтерерлік әсерлі мюзикл. Иә, қойылым барысында қуыршақтар би билеп, ән шырқап, концерт қояды. Музыканың қуанышқа бөлейтін, жан тыныштығын сыйлайтын, өмірді жақсартуға мүмкіндік беретін зор құдыретін сездіруге тырысады. Қойылымдағы ән шырқау – тек қана мюзикл жанрының құралы емес, сонымен қатар сюжеттің маңызды қозғаушы күші.

Спектакль мен түпнұсқа арасындағы басты ерекшелік – қасқырдың бейнесінің өзгеше қырынан ашылуында. Ертегіде ол толықтай жағымсыз, қу әрі айлакер кейіпкер болса, қойылымда мүлде басқа. Спектакльде ол – артист болу деген қызық арманы бар, кейбір қырымен көрерменге ұнай білетін, ешкім күтпейтін шешімдерді қабылдайтын өзгеше жануар. Ал енді лақтарға келер болсақ, олардың да образдары кеңейтіліп, бойларына «изюминка» ретінде қарастыруға боларлық тұстар берілген. Олардың есімдері, қылықтары, бір-біріне деген сезімдері, ықыластары, осылардың бәрі бала көрерменге сүйкімді әрі күлкілі болса, ересек көрерменге жүректі елжіретерлік әсер береді.

Қойылымның алғашқы құрамында ойнап, қуыршақ жүргізген артистер: А.Тәуекелов, Б.Қаюов, Ұ.Момынжанова, Э.Сүлейменова, Г.Өнімбай, Г.Бейсенбаева, Э.Кумарова. Аталмыш артистер қазіргі таңда Қуыршақ театрының көптеген қойылымдарында рөл ойнап, бүлдіршіндер үшін күш салып еңбектеніп келеді. Кейіпкерлер бейнесінің толықтай ашылуына өте үлкен үлес қосатын, көрерменнің сүйіспеншілігіне иеленіп, қойылымды «қайта көруге тұрарлық» деген бағаға жеткізетін де осы мамандар.

Қойылым режиссері – А.Зайцев, инсценировка авторы – Е.Локшина. 2020 жылғы көрерменге жол тартқан «Үйшік» қойылымының да авторы мен режиссері жоғарыда есімдері аталған жандар. Аталмыш спектакль осыдан бір ай бұрын Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «Үздік балаларға арналған қойылым» номинациясын жеңіп алған. Осының өзі тұсаукесері өткен «Қасқыр мен жеті лақтың» көркемдік сапасы жөнінде айтарлықтай ақпарат береді.

 

Дамир Амантай

"ONER.KZ" порталы, 11.02.2021

 

Сілтеме: https://oner.kz/theatre/view/15752-armany-kyzyk-bir-kaskyr