Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Меруерт мекендегі премьера

11 Ақпан 2021

Бүлдіршініңізге тәрбиелік мәні зор, адамгершілік асыл құндылықтарды дәріптейтін қойылымдармен бірге білім мен ілімнің алғышарттарын насихаттайтын туындылар ұсынғыңыз келеді ме? Дәстүрлі формалардан өзгеше шешімге құрылған барлығына таныс ертегінің жаңа нұсқасын көріп, көңілді атмосфера аясында музыка әлеміне саяхат жасағыңыз келсе, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының қоржыны жуырда «Жеті лақ пен қасқыр» (реж.: А.Зайцев) атты қойылымымен толыққандығын естеріңізге саламыз.

«Жеті лақ пен қасқыр» ертегісі көптеген көрермендерге жастайынан жете таныс ертегілердің бірі болғанымен, қуыршақ театры ұсынған интерпретация сіз үшін өзгеше сипатта өрбімек. Сахна төрінде ұсынылатын кез-келген қойылым балғын бүлдіршіндерді жақсылыққа, мейірімділікке, адалдық пен ізгі қасиеттерге үндеуге тиіс деген қағиданы берік ұстанған театр ұжымы бұл жолы да аталған мақсатты толықтай жүзеге асырды. Қойылымның өне бойына тек қана жақсылық атаулыны топтастырып оқиға желісіне сай ұғынықты да қызықты жеткізе отырып, көңілді әуен ырғағында музыканың алғышарттарын танымдық бағытта пайдаланып әрі сол арқылы балалармен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы сюжеттік желідегі кейіпкерлер іс-әрекетімен өнер мен білімнің маңыздылығын түсіндіру көзделеген.

Аталған қойылымдағы режиссерлік шешім айтуға тұрарлық жетістіктерімен көркемдік деңгейін өз биігінде сақтаған. Қойылымға жеті артистті жеті лақ характеріне сай есімдермен таныстырып, жеті нотамен сюжет желісіне байланыстыра көрсету арқылы өзара актерлік ансамбль қалыптастырып, қарапайым ертегіні ұсыну ғана емес танымдық сипаттағы ақпараттармен алмасып, әуен мен әнді түсіндіру құралына айналдыру арқылы балалармен интерактивті байланыс орнатқан.

«Жеті лақ пен қасқыр» қойылымында көрермен үшін таныс бейнелер әрқилы іс-әрекеттері мен мінез ерекшеліктерін жаңаша сипатта көрсету арқылы негізгі функциясын толықтай орындаған. Жаттанды сюжет желісіндегі қатыгез де айлакер қасқыр бейнесі мүлдем қарама-қарсы бағытта өзгеріске ұшырап, өнер мен білімге жаны құштар мейірімді де асқақ арманға ұмтылушы мақсатшыл кейіпкерге айналу арқылы бала психологиясын жақсылыққа бұру идеясы жүзеге асқан. Музыканың сиқырлы сазымен өріліп, жақсылықты ту еткен ертегімен бірге әсем әндер мен көңілді билер, сонымен қатар, музыканың негізінен хабар беретін танымдық ойындар барысында кішкентай көрермендер оқиға дамуына тікелей атсалысады.

«Жеті лақ пен қасқыр» ертегісі – күнделікті өмір қиындықтарынан бір сәт өзгеше әлемге жетелейтін, әсем ән әуенімен балғын балалық шаққа ұмытылмас саяхат жасап, шынайы достықтың қадірін еске салатын тамаша мүмкіндік! Ендеше, қапы қалмаңыз, қадірлі көрермен!

Мадина ТӨЛЕ

 

Сілтеме: https://zhas-zhanary.kz/?p=4433