Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының қуыршақ труппасының «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» спектаклі
Жанры: Қазақ халық ертегісі негізіндегі қуыршақ қойылымы
Тілі: Қазақ тілінде
Өтетін орны: Мемлекеттік қуыршақ театры, үлкен зал
Өтетін күні мен уақыты: 21 қазан 2023 жыл, 10:00
Спектакльдің шығармашылық құрамы
Қоюшы режиссері: Айдын Салбанов.
Сахналық негізі — халық ертегісі және Әмен Қайдаровтың осы аттас мультфильмінің желісі.
Спектакль туралы
Спектакль мейірімділік пен зұлымдық, ақ пен қараның мәңгілік тартысын баяндайтын ежелгі қазақ халық ертегісінің желісімен сахналанған. Сюжет желісі бойынша, қартайып, әлі кеткен қатыгез Айдаһар патша өзіне қайта күш-қуат дарыту үшін жер бетіндегі ең тәтті қанды іздетіп, қызметшісі Масаны жұмсайды. Қомағай Маса әлемді шарлап, ең тәтті қан – бесіктегі бейкүнә адам баласының қаны екенін анықтайды.
Адамзатқа төнген бұл қауіпті сезген кішкентай, бірақ батыл Қарлығаш адам баласын қорғап қалу үшін жанқиярлық ерлікке бел буады. Ол зұлым Айдаһар мен Масаның жоспарын бұзып, Масаның тілін жұлып алады. Ашуға мінген Айдаһар Қарлығашқа тап беріп, оның құйрығын тістеп үлгереді. Осы сәттен бастап Қарлығаштың құйрығы айыр болып қалады, ал ол адамның ең адал досына айналады.
Бұл жарқын сценографиямен, түрлі-түсті қуыршақтармен әрленген спектакль кішкентай көрермендерді батылдыққа, адалдыққа, айналасына қамқор болуға және достықты қадірлеуге тәрбиелейді.
Театр туралы
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының қуыршақ труппасы 2023 жылғы 1 маусымда көрерменге таныстырылды. Ұжымның ашылуы өңірдегі қазақ тіліндегі қуыршақ өнерінің дамуына жол ашты. Труппа театрдың актерлік тәжірибесін қуыршақ жүргізу өнерімен сабақтастырып, балаларға арналған репертуар қалыптастырды. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» қойылымы жаңа ұжымның ұлттық ертегіні сахнада бейнелеудегі ізденісін танытады.